Облыс үшін мамандар дайындауды екі жоғары оқу орны – Химия-технологиялық институт пен Педагогика институты іске асырды. Бірнеше орта оқу орындары: тау-кен, индустриалдық, кооперативтік, автомеханикалық, гидромелиоративтік, дене тәрбиесі техникумдары, музыкалық және көркем-өнер училищелері ашылды. Кеңес дәуірінде 900 мектеп салынды.

Жастарға білім беру және тәрбиелеу ісіне қосқан үшін педагог М. Тасоваға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осындай құрметті атақ денсаулық сақтау ісіне сіңірген еңбегі үшін дәрігер А. Бувановаға да берілген болатын. Облыс халқы өздерінің жерлестері ҚССР Ғылым Академиясының академигі, түрколог С. Кеңесбаевты, мүше-корреспонденті М. Балақаевты, геология ғылымдарының докторы П. Тәжібаеваны, филология ғылымының докторы Қ. Бектаевты филология ғылымының докторы Ә. Байтанаевты мақтаныш тұтады. өлке тарихына академик, Қазақ ССР-нің 1944 – 1957 жж. сыртқы істер министрі, кейіннен Үндістандағы КСРО елшілігінің кеңесшісі Т. Тәжібаевтың есімі алтын әріппен жазылып қалған.

Облыстың мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі 1967 ж. қазақ және орыс драма театрлары ғимараттарының салынуы болды. Оларда Қазақ ССР халық артистері А. Абдуллина, Ж. Серікбаевтар еңбек еткен.

60-80 жж. ақын О. Малқаровтың, халық ақындары К. Омаров пен Ә. Қалыбекованың, ақын-жазушылар Ә. Жылқышиевтің, Н. Сүлейменовтың, Х. Есенғараеваның, О. Постниковтың, Ю. Кунгурцевтің, М. Байғұттың шығармашылықтарының өрлеген  жылдары болды. Қазақстан театр өнерінің негізін қалаушылар Қ. Жандарбеков, Х. Бөкеев, Ғ. Хайруллина, атақты ақын және көрнекті қоғам қайраткері М. Шаханов, композитор Ш. Қалдаяқов, жазушылар Ж. Еділбаев пен Ф. Чирва – біздің жерлестеріміз.