50 – 60 жылдарда экономика жақсы қарқынмен дамыды. Шаруашылық реформалары, шаруашылық есептің енгізілуі, экономикалық және материалдық ынталандыру, кәсіпорындарға үлкен дербестік беру, аграрлық саясаттағы бірқатар өзгерістер жағымды нәтижелер берді. Қысқа мерзім ішінде қаракөл, гидролиз, экскаватор, «Электроаппарат» зауыттары, мақта-мата комбинаты, «Восход» тігін фабрикасы салынды.

Шымкент және Састөбе цемент зауыттары өнім берді. Ташкент-Шымкент газ құбыры салынып жатты. Химия өнеркәсібі күшті қарқынмен дамыды. Фосфор және шина зауыттары іске қосылды.

80-ж. басында мұнай өңдеу зауыты салынып, Омск-Павлодар-Шымкент мұнай құбыры пайдалануға берілді. Тамақ өнеркәсібі дамып, бірнеше сүт зауыты, ет-балық комбинаттары, сыра қайнату және нан зауыттары салынды. 1987 ж. облыста 170 астам өнеркәсіп орындары болды. өткізілген өнімнің жалпы көлемі 7,86 млрд. сом болды.

 

Тың игеру

1954 ж. тың және тыңайған жерлерді игеру басталды. Шардара су қоймасының іске қосылуына байланысты Қызылқұм алқабын игеру жеделдетіле түсті. Ірі күріш совхоздары құрылды. Мақта, бау, жүзім, көкөніс, бақша өндірістері дамыды. 1980 жылы облыстың жер көлемі 12 млн. га болса, оның 10,3 млн. гектары ауылшаруашылық мақсаттарына пайдаланылды.