1941 жылдың 22 маусымында КСРО Ұлы Отан соғысы басталды. Алып елдің басқа да халықтарымен бірге оңтүстікқазақстандықтар да соғыс ауыртпалығын бастарынан кешірді. Соғыстың алғашқы айларында өлкемізге Воронеж пресс-автоматтар зауыты, Харьковтың шұлық және айна фабрикалары, Подольскінің илеу-құю зауыты, Киевтің химия-фармацевтік зауыты, Мәскеу алколоид зауыты, Кременчуг электростансасы көшіріп әкелінді.

Кәсіпорындардың бірсыпырасы облыстың аудандарына орналасты: шыны зауыты – «Күйік» совхозына, трактор шеберханасы – сайрам ауданына, электростанса – Түркістан ауданына, Мақта иіру фабрикасы – «Мақтаарал» совхозына.

1942 ж. барлық көшіріп әкелінген кәсіпорындар өнім бере бастады.
Облысқа сонымен бірге, КСРО Архитектура академиясы, Дүниежүзілік экономика мен саясат институты, География институты, Дәрілік шөптердің Бүкілодақтық ғылыми зерттеу институты (ВИЛАР) көшіріп әкелінді. Көшірілген ұжымдардың арасында Моссовет атындағы театр да болды.

 

Жеңіске қосылған үлес

51 жерлесімізге Кеңес Одағының батыры атағы берілді, 9 жерлесіміз 1, 2 және 3-дәрежелі Даңқ ордендерінің иегері болды.

Соғыс бастала салысымен-ақ облыс КСРО-ның Германиядан әскери-экономикалық артықшылығын қамтамасыз етуге қомақты үлес қосты. Мамандардың есептері бойынша, басқыншыларға қарсы атылған әрбір 10 оқтың 7-уі Шымкент қорғасынынан құйылды.

Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздің аса маңызды ауылшаруашылық аймағына айналды. Ол майданды және Орал, Сібір және Еділ бойының ірі өнеркәсіп орталықтарын астықпен, маймен, жүнмен, қамтамасыз етті, майданға жеміс-жидектер мен көкөністер жіберіп отырды. Соғыс жылдарында облыс Отанымызға 2 млн. пұт ет, 800 мың литр сүт, 100 мың ірі қара мал және 1 млн. артық қой және ешкі терісін, 44 мың 80 пұт жүн, 2 млн. 120 мың пұт астық берді.

Мамандардың есептері бойынша облыс тапсырған мақтадан тоқылған матамен Қызыл Армияның 7 млн. жауынгерін киіндіруге болатын еді.

1942 ж. маусымында облыс еңбекшілері Ленинград тұрғындарына 287 бас мал, 160 ц шұжық, 35 ц мал майын және 80 ц өсімдік майын, 120 ц ұн, 270 ц жемістер қағы мен көкөніс, 30 ц жаңғақ, 170 ц кондитер тағамдарын, 560 л шарап аттандырды.

Көптеген оңтүстікқазақстандықтар Жеңіске өз үлестерін қосты. Мысалы, атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов еңбекшілер арасында түрлі спорттық өнер көрсету жолымен 100 мың сом жинап, оны Амангелді Иманов атындағы жеке ұшақ жасауға берді. Жауынгерлік техника құрылысына «Ақтас» колхозының төрағасы Б. Оңдасынов өзінің жеке жинаған ақшасынан 166 мың сом, «Бірлік» колхозының төрағасы А. Жүсіпов 65 мың сом, «Қызылабад» колхозының төрағасы М. Ізбасаров 170 мың сом өткізді.