Аса күрделі саяси және экономикалық кезеңдерде әкімшілік-аумақтық бөлу жөніндегі эксперименттер басталды. 1928 ж. қаңтарында Сырдария губерниясы 21 ауданнан тұратын Сырдария округі болып қайта құрылды. Содан соң көп ұзамай БОАК-нің 1930 жылы 23 шілдедегі қаулысымен округтерге бөлу жойылып, аудандарға бөлі енгізілді. Сырдария округінің құрамында енді 18 аудан қалды. 2 жылдан соң, 1932 ж. Қазақстан аумағында 6 облыс, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы құрылды. БОАК-нің 1932 ж. 10 наурыздағы осы жөніндегі қаулысы облыстың туған күні болып саналады. 1938 ж. Жамбыл облысы бөлініп шықты. 1962 ж. орталығы Шымкентте Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрылды. Оның құрамына Шымкент, Жамбыл, Қызылорда облыстары енді. 1964 ж. желтоқсанында «өлке» жойылып, Шымкент облысы осы атын сақтап қала берді. 1992 ж. 6 шілдеде ҚР Жоғары Кеңесінің қаулысымен оған бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы деген аты қайтарылып берілді.

Социализм жолында

ХХ ғ. 30-40 жылдары түсті металлургия, химия, тас көмір өнеркәсіптерінің дамуына аса зор көңіл бөлінді. Шымкент қорғасын зауыты алғашқы өнім берді. Қуаты жөнінен ол Одақта бірінші, әлемде үшінші орында болатын. Ленгерде, Келтемашатта, Боралдайда көмір кеніштерін игеру басталды. Мақта өндіру ісінде де бетбұрыс басталды. Экономикамен бірге аймақтың мәдениеті де дамыды. 1934 ж. драма театры істей бастады.

Сталиндік қуғын-сүргіндер

30, 40, 50-жылдары (ХХ ғ.) жаппай саяси қуғын-сүргіннің нәтижесінде облыстың 3 мыңнан аса адамы әртүрлі жазаға ұшырады. Облыстың 58 басшы қызметкерінен 36 кісі ату жазасына кесілді. Олардың ішінде облыстың партия комитетінің бірінші секретары А. Досов, облатком төрағасы В. Случак, облотком жауапты хатшысы Б. Ержанов, облыстық газеттердің редакторлары П. Грехнев пен Р. Жаманқұлов, т.б. болды.