Арыс мәдениеті б.з.д. 4 ғ. мен б.з.6 ғ.аралығына қатысты және Қазақстанның оңтүстігінде орын алған саяси және этникалық процентерді көрсетеді. Сол кездердің материалдары Кангюй иеліктерін Арыс-Бадам ауданының аумағымен белгілеген, ол астанасы Битянь қаласын Қараспантөбе қалашығымен (Ордабасы ауданы) байланыстыруға негіз береді.
Б.з. 6 ғ. ортасынан бастап Қазақстанның кең-байтақ аумағында түркілердің, түргештердің, қарлұқтардың, қимақтар мен қыпшақтардың ерте феодалдық мемлекеттері пайда болып, дамып, құрып кетіп жатты. 6-11 ғғ.көшпенділердің мемлекеттік ұйымдасуға ұмтылысымен сипатталады. Батыс Түркі, Түргеш және Қарлұқ қағанаттарының пайда болуы мұның жарқын айғағы.

Қалалардың гүлденуі

Ерте ортағасырлар кезінде қалыптасқан тарихи-мәдени аймақтардың ішінде қазіргі Шымкент аумағы да болды. Одан 8км қашықтықта «Ақ өзен жағасындағы қала» — Испиджаб(Сайрам) орналасты. 7 ғ. « Ақ өзен жағасындағы қала» Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалалар қатарында болған. Отырармен (Фараб), Таразбен  және басқалармен бірге ол 7-11 ғғ. жолсілтемелеріне енген. Деректер бойынша, Сырдария жағасында Шауғар(Түркістан), Газгирд, Шараб, Бурухкет, Тамтаунде  және Абарджадне қалалары болған.
9 ғ. екінші жартысында Қазақстанның оңтүстігінде қалалар көбейіп, олардың мәдениеті дами бастайды. Олардың ішінде Отырар қаласы ерекше көзге түсті. Жазба деректер мен археологиялық қазбалар оның тарихы, тіршілігі және 17-18 ғғ. күйреуі туралы құнды деректер береді. Өлкенің ортағасырлық қалаларының санына қазіргі  Көлтоған ауылының аумағында болған Арсубаникет жатады. Бірақ бәрінен де атақтысы  Түркістан(ертедегі аты Шауғар). Жазба деректерге сәйкес, ол  Отырар қаласынан бірүндік жерде қазіргі Түркістан қаласына жақын орналасқан.
12-13 ғ. қала өзінің сауда-мәдени мағынасын жоғалтып, аймақтың орталығы Яссыға(Түркістан) ауысады. Түркістаннан 30 км жерде ортағасырлық Сауран қаласының қираған орны жатыр(6-8 ғғ.). Осы тұста Қазақстанның мәдениеті, қала құрылысы, қол-өнері мен керуен саудасы дамыған өлкесі оңтүстік өңірі болды.

Монғол жаулап алуы

1219-1224 жылдары Қазақстан мен Орта Азия Шыңғысхан империясының құрамына енді. Қазақстанның оңтүстігі оның баласы Шағатайдың және оның ұрпақтары ұлысының бір бөлігі болды. 14 ғ. бастап араб әліппесі кеңінен тарай бастайды, ислам жетекші дінге айналады. 

Көшпелі тайпалардың бөлінуі

15 ғ. бірінші ширегінде оңтүстік-батыс  Қазақстанның аумағында Абулхаир хан бастаған «Көшпелі өзбектердің хандығы» пайда болды, хандықтың астанасы Сығанақ қаласы еді. Бірақ 15 ғ. екінші жартысында пайда болған Қазақ хандығы Сырдария жағалауларындағы, Арыс өзенінің бассейніндегі жерлерді басып алуға ұмтылды. Бірнеше ғасыр бойына бұл аймақ Қазақ (Жошы тұқымы) және Өзбек (Шейбаны тұқымы) хандарының арасындағы күрес сахнасына айналды. 16 ғ. басында өлке қазақ ханы Қасымның иелігінде болды, одан соң Ташкент билеушісі Баба Сұлтанның, кейінірек Бұхара билеушісі Абдаллахтың қол астына көшеді. 1597-1598 жылдары қазақтың ханы Тәуекел Абдаллахтың әскерін талқандап, Ташкент, Самарқан, Сайрам, Түркістан қалаларын басып алды. Оның тұсында бұл жерлердің барлығы қазақ хандығының құрамына ендірілді де, астана ежелгі Яссыға көшірілді.

Қазақ мемлекетінің құрылуы

15-16 ғғ. қазақ халқының және оның этикалық аумағының ғасырлар бойына созылған қалыптасу процесі аяқталды. Қазақ қоғамының маңызды ерекшелігі оның жүздерге бөлінуі болды.
Ұлы жүз тайпалары Сырдариядан Жетісуға дейінгі аумақты алып жатты. Оның құрамына үйсін тайпасының албан, суан, дулат, ысты,ошақты, шапырашты, сарыүйсін рулары, қаңлы, сіргелі, жалайыр тайпалары енді.
15 ғ. ортасынан 18 ғ. басына дейін қазақ хандығы біртұтас саяси құрылым болған. Шаруашылықтың негізгі саласы жартылай көшпелі мал шаруашылығы болды.

Жоңғар шапқыншылығы 

Қазақ халқына 18 ғ. басында жоңғар шапқыншылығы қисапсыз қайғы-қасірет әкелді. Қазақ және жоңғар билеушілерінің арасындағы күрес бір ғасырдан астам уақытқа созылды. Ұлттық тәуелсіздіктен айырылып қалу қаупі қазақтарды бірігуге мәжбүр етті. Қазақ жүздерінің бірігуі 1727 ж. Ордабасыда болған бүкіл қазақтық құрылтайда іске асты. Үш жүздің төбе билері – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би сияқты данышпандардың арқасында қазақтар бір халық болып бірігіп, есірген жауға қарсы Отан соғысын ашты. Біріккен халық жасағы құрылып, оны кіші жүздің ханы Әбілқайыр (1693-1748) басқарды. 1729-1730 жылдары басқыншыларға бірнеше мәрте күйрете соққы беріліп, кіші жүз бен орта жүз жерлерінің біраз бөліктері жаудан тазартылды.

Ресейге қосылу

Жоңғарлар тарапынан төнген қауіп қазақ билеушілерін Ресеймен одақтасуға итермеледі. 1730 ж. кіші жүздің ханы Әбілқайыр орыстың патша әйелі Анна Иоанновнаға бодандыққа алу туралы өтініш берді. 1733-1734 жылдары мұндай өтініштер орта жүз және ұлы басшыларынан да түседі. Бірақ Ресейге қосылу, екінші жағынан патша үкіметінің Қазақстанды отарлау процесі 100 жылдан аса уақытқа созылды.
18-19 ғғ. тоғысында Орта Азияда Қоқан хандығы құрылды. Әлімхан (1801-1809) Қазақстанның оңтүстігіне әлденеше рет басқыншылық жорық жасап, көптеген елді мекендерді, оның ішінде Шымкентті де басып алады.
18 ғ. соңы мен 19 ғ. басында орта жүз бен кіші жүз аумақтарының басым бөлігі Ресей империясының құрамына енгізілген болатын. 1824 ж. оның құрамына Жетісу аймағы да кірді. Тек Оңтүстік Қазақстанның аумағы ғана Қоқан хандығының қол астында болды. 19 ғ. екінші жартысында патша үкіметі өзінің Орта Азиядағы әрекеттерін белсендіре түсті. Орыс әскерлерінің шабуылы 1867 ж. басталды. Жаз бойына оры әскерлері Қоқан әскерлерін талқандап, Түркістан, Әулиеата (қазіргі Тараз) және Меркі қалаларын, 1864 ж. 22 қыркүйекте шабуылмен Шымкент қаласын басып алды. Сөйтіп, Қазақстанды Ресейге қосып алу процесі ұлы жүзді жаулап алумен аяқталды. 

Экономикасының дамуы

1867 ж. бастап Шымкент Сырдария облысының уездік қаласына айналды. Шымкенттің шаруашылық сипаттамасы Түркістан өлкесі бойынша жолсілтемеде (1901) берілген: «Ол Ташкентті Сайрам бидайымен, таза сиыр сүтімен жабдықтайды. Еділ бойындағы шұға тоқу фабрикалары одан жүн, ал шетелдік зауыттар тері, шұжық және аспап шеберлері ішектер алады. Қаланың жылқы саудасымен даңқы шыққан».
ХХ ғ. басында Шымкентте 3 май айырғыш, 5 тері зауыттары, 15 кішігірім кірпіш зауыты, 26 диірмен болған. 1885 ж. салынған сантонин зауыты ірі өнеркәсіп орны болған (қазір «Химфарм» ААҚ), олардан басқа 4 мақта тазалайтын өндіріс, 15 ұстахана, 15 сабын қайнататын өндіріс болған. 1915 ж. Жетісу теміржолының Арыс – Шымкент учаскесі пайдалануға берілген. 1914 ж. қыркүйекте сенаттың бұйрығымен Шымкентке Черняев аты берілген, тек 1921 ж. ғана қалаға бұрынғы тарихи аты қайтарылған.

Отаршылдық саясат

Өлкені әскери-қазақтық отарлаудың орнына шаруаларды Ресейдің орталық губерниялары мен Украинадан жаппай көшіру науқаны етек алды. Облысқа келімсектерді орналастыру ХІХ ғ. 70 жылдарында басталды. Мыңдаған қоныс аударушы-шаруалар отбасыларымен және жадау-жүдеу дүние-мүлкімен патшалық Ресейдің шет аймағы – Қазақстан мен Орта Азияға ағыла бастады. 1906 ж. мәліметтер бойынша Шымкент уезінде 1887-1899 жж. құрылған, халқы 8062 адамдық 18 шаруа қоныстары болған, олардың ішіндегі ең ірілері Ванновка, Вознесеновка, Высокое, Антоновка (қазіргі Түлкібас ауданының аумағында) және Белые Воды (Сайрам ауданында) боды.
Қоныстанушылар мен қазынаның пайдасына қазақтардың ата-қоныстары мен егіндік, мал жайылымдарын тартып алу, көптеген әкімшілік шаралары жергілікті халықтың наразылығын туғызды. Бұл наразылық ақырында 1916 ж. Ұлт-азаттық көтеріліске ұласты.

Империяның күйреуі

1917 ж. Ақпан революциясының жеңісі Ресей империясының күйреуін аяқтады. 30 наурызда Түркістандағы Уақытша үкіметтің комиссары қызметіне Мұстафа Шоқай тағайындалды. Шымкентте солдат депутаттарының, ал мамырда жұмысшы депутаттарының кеңесі құрылды, оның төрағасы болып большевик Н. Морозов тағайындалды.

Кеңес өкіметі

Түркістан өлкесі кеңестерінің V Төтенше съезіне (сәуір-мамыр 1918 ж.) РСФСР құрамында Түркістан Автономиялық республикасы құрылды.
1924 ж. Орта азиямен Қазақстанның ұлттық межелесуі орын алды. Шымкент, Әулиеата, Түркістан, Ташқазақ, Қазалы, Ақмешіт уездерінен тұратын Сырдария губерниясы құрылды. Губерния халқының саны 742 мың адам (90,5 %-ы жергілікті ұлт) болды.
БК(б)П ХІV съезі (1925 ж.) индустрияландыруға бағыт алды. Индустрияландырудың ең ірі құрылыстарының бірі ұзындығы 1445 км. Түркістан-Сібір (Түрксіб) темір жолының құрылысы болды (1927). Құрылыс бүкілхалықтық сипат алды. Құрылысқа жәрдемдесу комитетін Тұрар Рысқұлов басқарды. Жол құрылысы 1930 жылдың сәуірінде аяқталды. 1931 ж. аса ірі кәсіпорын – Шымкент қорғасын зауытының құрылысы басталды. Ащысай, Хантағы рудниктерінің, байыту фабрикаларының, Шымкент ЖЭО, Ленгер көмір шахталарының, теміржол желілерінің, жұмысшы поселкелерінің құрылыстары басталды.

Көшпенділер қасіреті

Түркістан, Келес, Бадам, Қаратас аудандарының көшпелі және жартылай көшпелі халқын күштеп отырықшыландыру әрекеті олар үшін үлкен қайғы-қасірет алып келді. Олардың негізінде алып колхоздар ұйымдастырылды. Мал шаруашылығында нағыз жұт басталды. Мал басының саны 40,5 млн.-нан 4,5 млн.-ға дейін кеміді. Әсіресе түйе, жылқы, қой шаруашылықтары, көп шығынға ұшырады. Мұның нәтижесінде 1931 – 1933 жж. республиканың 6,5 млн. халқының 2,1 млн. қырылып қалды. Аштықтан, өкімет орындарының тарапынан қуғын-сүргіннен қашып, 1 млн. адам шетелдерге өтіп кетті.