Осыларға ұқсас Шоқтас ескерткіші Қазақстан — Ресей археологиялық экспедициясының барысында ашылған. Аймақты ежелгі адамдардың мекендегенінің дәлелдерін Қазақстанның оңтүстігіндегі палеолиттік мәдениеттер орталығының алғашқы ұйымдастырушысы Х.А.Алпысбаев келтіріп отыр. Облыстық Бәйдібек ауданындағы Қарасу көп қабатты палеолит тұрағының ашылуы ғылымға қосылған сүбелі жаңалық болды. Бұл ауданның аймағы ежелгі тарихқа қатысты көптеген ғылыми еңбектерде келтірілген: археологиялық қазба жұмыстарының барысында мұнда 20-дан аса ежелгі адамдардың мекендері, көптеген тас ғасыр дәуірінің құрал-саймандары табылған. Оңтүстік Қазақстан ғалымдары орта және жоғары палеолит дәуірлеріне жататын 6 мәдени қабаттарды ашты. Көптеген тастан жасалған бұйымдармен бірге жануарлар сүйектерінің қалдықтары, от жаққан жерлердің іздері, охраның бөліктері табылған. Қазақстанда мұндай ежелгі ғасырлар дәуіріне жататын ескерткіштер санаулы-ақ.

1958 жылы Кіші Қаратау қойнауынан жоғарғы палеолит дәуіріне жататын Үшбас үңгірі (Созақ ауданы) ашылды. Үңгірдің жартас еденінде ошақ маңынан бір қырына 10 белгі салынған алеврониттен жасалған бұйым табылған. Мұндай кертікті бұйымдар есептеу операцияларында қолданылған. Осыған ұқсас сүйектен жасалған бұйымдар (б.з.д. 6-3 мың жылдықтарда) Қарақоңыр үңгірінен де (Түлкібас ауданы) табылған. Бұл жерден тастан жасалған  еңбек құралдары, жебелердің ұштары, сүйектен жасалған ұсақ-түйектер, дөңгелек, боялған керамика ыдыс-аяқтар табылған. Қазақстанның оңтүстігінде мұндай жаңалықтар бірен – саран, сол себепті үңгірді еліміздің бірегей археологиялық ескерткіштерінің қатарына жатқызуға болады. Мезо  және неолиттік дәуірлердің тас индустриясының ескерткіштерін іздестіру бұл күндері де жүргізілуде.

Қола дәуіріне қатысты облыс көлемінде зерттелген ескерткіштер бірен-саран ғана. Бұл ең алдымен Баба ата шатқалындағы Таутары моласы. Одан табылған жәдігерлерді  талдау оларды Андронов мәдениетінің орта кезеңінің басына (б.з.д. 11-9 ғғ.) таңуға мүмкіндік берді. Түркістан қаласынан 6км жердегі Шербай моласының артефактылары б.з.д. 17-14 ғасырларға қатысты.

Б.з.д. 8-3 ғғ. өлкенің аумағында сақ мәдениеті таралды. Қошқар ата моласы мен Бөген су қоймасының аймағында жүргізілген археологиялық зерттеулер ежелгі сақтардың материалдық мәдениеті, өмір салты, шаруашылығы және діни наным-сенімдері туралы түсінік береді. Мұның барлығы жартастағы жазулар-петроглифтерде айқын көрініс тапқан. Олардың қатарына Арпаузен және Қойбағар (Созақ ауданы), Боралдай суреттері (Бәйдібек ауданы), Қасқабұлақ(Түлкібас ауданы) петроглифтері және басқалары жатады.

Төле би ауданының аумағында да сақ тайпалары б.з.д. 13 ғ. өмір сүрген. Қазақтардың сонымен бірге Ұлы жүз тайпаларының түпкі ата-бабаларының бірі болған үйсіндердің өмірі мен шаруашылықтарының іздері табылған. Аңыздарға сенсек, Ұлы жүздің түпкі анасы үйсін ханы Бәйдібектің үш әйелінің біреуі Домалақ ананың төркіндері орта ғасырларда Үлкен және Кіші Бөген өзендерінің жағалауларында көшіп-қонып жүрген.