• 001.JPG
  • 002.JPG
  • 003.jpg
  • 004.JPG
  • 005.JPG
  • 006.jpg
  • 007.JPG
  • 008.JPG
  • 009.jpg
  • 010.jpg
  • 011.jpg
  • 012.jpg
  • 013.JPG
  • 014.JPG
  • 015.jpg

Оңтүстік Қазақстанның облысының табиғаты

 

Жер бедері

Оңтүстік Қазақстан облысының жер бедері негізінен жазық (орташа биіктігі 200 – 500 м). Солтүстігінде тасты-сазды Бетпақдала шөлінің оңтүстік-батысы, Ащыкөл ойысы, Тоғызкентау жоны, Шу өзенінің төменгі ағысы және Мойынқұм құмды алқабының батыс бөлігі орналасқан. Облыстың орталық бөлігін Қаратау жотасы солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай екіге бөліп жатыр. Оның ең биік жері – Бессаз (Мыңжылқы) тауы (2176 м). Қаратаудың оңтүстік-шығысында Боралдай (1400–1600м) жотасы орналасқан. Облыс жерінің оңтүстік-шығысын Батыс Тянь-Шань-ның сілемдері (Өгем жотасы), Қаржантау (2800 – 2900 м), Қазығұрт тауы (1700 м), Талас Алатауының батыс сілемдері – Кіші Ақсу (2577 м), Алатау (3137 м) таулары қамтиды. Облыстың ең биік жері – Сайрам шыңы (4299 м). Оңтүстік-батысында Қызылқұм құмы, Қарақтау тауы (388 м), оңтүстігінде Шардара даласы, Ызақұдық құмы, Қауынбай молда (321 м), Белтау (592 м) жоталары, қиыр оңтүстігін Мырзашөл алып жатыр.

 

Геологиясы мен кен байлықтары

Облыс жерінің көпшілік бөлігі Тұран плитасының құрамына кіреді. Геологиялық құрылымы негізінен кембрийлік, девондық, тас көмірлік жыныстардан (тақтатас, құмтас, әктас), таулы бөлігі төменгі палеозойлық жыныстардан (құмтас, гранит, конгломерат, жоталар аралығындағы ойыстар девонның қызыл түсті шөгінділеріне толған) түзілген. Жер қойнауынан полиметалл, қоңыр көмір, темір, уран кентастары, фосфорит, вермикулит, тальк, барит, гипс, отқа төзімді саз, әктас, гранит, мәрмәр, кварц, т.б. кен байлықтары барланған. Қаратауда Ащысай, Мырғалымсай, Байжансай қорғасын-мырыш кеніштері 20 ғасырдың 40- 40-жылдарынан жұмыс істейді. Республикада уран кентастарының қоры жағынан бірінші орын, фосфорит және темір кентасының қоры жағынан үшінші орын алады.

 

Климаты

Облыстың климаты континенттік. Қысы қысқа, жұмсақ, қар жамылғысы жұқа, тұрақсыз. Қаңтар айының жылдық орташа температурасы солтүстігінде –7 – 9°С, оңт-нде –2 – 4°С. Жазы ұзақ, ыстық, қуаң және аңызақты. Шілде айының жылдық орташа температурасы 25 – 29°С. Шөлді аймағында жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 100 – 150 мм, тау алдында 300 – 500 мм, биік таулы бөлігінде 800 мм.

 

Гидрографиясы

Өзендері облыс аумағында біркелкі таралмаған. Оңтүстік Қазақстан облысы жерінің оңтүстігінен солтүстік-батысына қарай Сырдария өзені ағып өтеді. СырдарияғаАрыс (378 км), Келес (241 км), Құркелес (98 км) өзендері құяды. Халқы тығыз орналасқан оңтүстік-шығысында Арыс өзенінің салалары: Бадам, Сайрамсу, Ақсу, Жабағылы, Машат, Дауылбаба, Боралдай өзендерінің шаруашылық маңызы зор. Қаратау жотасынан басталатын Бөген, Шаян, Арыстанды, Шылбыр, Байылдыр,Көксарай, т.б. өзендер облыс орталығын сумен қамтамасыз етеді. Шу өз-нің төм. ағысында суы аз, тек көктемде қар еріген кезде ғана суы молайып, Созақ ауданының шаруашылықтарын суландырады. Шардара (ауданы 400 км², су көлемі 5200 млн м³), Бөген (су көлемі 377 млн м³), Бадам (су көлемі 61,5 млн м³), т.б. бөгендер салынған. Арыс өзенінен Арыс – Түркістан, Өзбекстан жеріндегі Сырдариядан Достық (бұрынғы Киров атындағы), Шардара ауданында Қызылқұм магистралды каналдары тартылған. Облыс көлдері негізінен таяз және тұзды, көктемде суға толып, жазда құрғап, сорға айналады. Ірі көлдері: Ақжайқын (48,2 км²), Қызылкөл (17,5 км²), одан басқа Қалдыкөл, Шүйнеккөл, Тұздықдүме, т.б. ұсақ көлдер бар. Жер асты суының қоры мол.

 

Топырағы, өсімдік және жануарлар дүниесі

Облыстың жазық бөлігінде топырақ жамылғысын сұр, сортаңды сұр, бозғылт сұр, құмды, құмдақты топырақ құрайды. Тау етегінде шалғындық, таудың қызыл қоңыр топырағы таралған. Негізінен шөл белдеміне тән өсімдік жамылғысы қалыптасқан. Сексеуіл, жүзгін, жусан, күйреуік, бұйырғын, ши, жантақ, еркекшөп; Сырдария, Шу өзенінің аңғарларында жиде, жыңғыл, тал; тау етегінде бетегелі-жусанды дала, тауларында жеміс ағаштары, арша, альпілік шалғын өседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, қоян, қарсақ, елік, арқар, таутеке, жабайы шошқа, қоңыр аю, барыс, сусар, борсық, шөлді аймақтарда бауырымен жорғалаушылардың түрлері тіршілік етеді. Құстардан ұлар, кекілік, бүркіт, шіл, торғайдың көптеген түрлері мекендейді. Табиғи өсімдіктерді, жануарлар дүниесін сақтап қалу үшін Төле би, Түлкібас аудандары аумағында мемлекеттік Ақсу – Жабағылы қорығы (1926) ұйымдастырылған.