• 001.JPG
  • 002.JPG
  • 003.jpg
  • 004.JPG
  • 005.JPG
  • 006.jpg
  • 007.JPG
  • 008.JPG
  • 009.jpg
  • 010.jpg
  • 011.jpg
  • 012.jpg
  • 013.JPG
  • 014.JPG
  • 015.jpg

 

Осыдан 80 жыл бұрын, яғни 1932 жылдың 10 наурызында «Қазақ Автономиялық Социалистік Кеңестік Республикасының құрамында дербес әкімшілік бірлік ретінде Оңтүстік Қазақстан облысын құру туралы» қаулы қабылданған еді. 1962 жылғы 3 мамырдан 1992 жылғы 6 шілдеге дейін Шымкент облысы деп аталды. 1992 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан атауы қайтарылды. Тарихи уақыт биігінен қарағанда 80 жыл – өте қысқа мерзім. Бірақ осынау бір қысқа мерзімнің өзінде Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстанның сауда-көлік, өнеркәсіптік-инновациялық және ғылым-білім салалары жоғары дамыған іргелі өңірге айналды.

Ықылым замандардан бері Оңтүстік Қазақстан бүкіл Орта Азия тарихында ерекше орын алып келеді. Орта ғасырда сауда және мәдени орталықтарға айналған қалашықтар осы өңірге ірге тепті. Соңыра қазіргі заманғы Оңтүстік Қазақстан облысының аумағынан Ұлы Жібек жолы өтті. 2 мың жыл бойы Оңтүстік Қазақстан топырағында қазақтың арғы тегі – сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің, қаңлылардың, түркілердің отырықшы және көшпелі мәдениеттері ұштаса дамыды. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысын оның ерекше географиялық орналасуына, өзгеше табиғатына және бай тарихына байланысты Қазақстанның Оңтүстік қақпасы, бірегей көне ескерткіштер өлкесі деп атайды. Оңтүстік Қазақстан облысы көне қорғандарымен, ежелгі елдімекендердің қираған орындарымен, қамалдар, кесенелер және көне қала орындары сияқты тарихи ескерткіштерімен танымал. Қазақтардың әдет құқығының көрнекті мұрасы «Жеті Жарғы», орта ғасырларда рухани ой-пікір мен мұсылман әлемінің ірі орталығы болған, әлемге әйгілі Түркістан қаласымен қатар Әбу Насыр әл-Фарабидың туған жері – Отырар шаһары да Оңтүстіктің аңызға айналған тарихының бір парағын құрайды.

Қазіргі заманғы Оңтүстік Қазақстан облысы Тұран ойпатының шығысы мен Тянь-Шаньнің батыс сілемдері арасында орналасқан. Шығысында Жамбыл, солтүстігінде Қарағанды, батысында Қызылорда облыстарымен шектеседі. Оңтүстік шекарасы Орталық Азия тоғысында жатыр. Географиялық орнына байланысты Оңтүстік Қазақстан облысы «Қазақстанның Оңтүстік қақпасы» деп аталады. Облыстың Оңтүстік шекаралары өте қолайлы көлік тоғысында – Орынбор-Ташкент және Түркістан-Сібір халықаралық желілерінің шектерінде, Қазақстанның Оңтүстік және батыс өңірлерінің арасында орналасқан.

Оңтүстік Қазақстан облысының ауданы – 117,3 мың ш.км, бұл Қазақстан аумағының 4,3 %-ын құрайды. Облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымына облыс орталығы – Шымкент қаласы, облыстың маңызы бар үш қала – Кентау, Түркістан, Арыс қалалары мен 11 аудан – Бәйдібек, Қазығұрт, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Сарыағаш, Созақ, Төле би, Түлкібас, Шардара кіреді. Солтүстігі мен оңтүстігіндегі шеткі аудандарының ара қашықтығы 600 км.

Оңтүстік Қазақстан облысы – халқының саны 2633500 адамды құрайтын, тұрғындары өте тығыз орналасқан өңір. Қала халқының саны – 1030300, ауылдық жерлерде – 1603200 адам тұрады. Облыс – тек қана Қазақстанда емес, бүкіл Еуразия аумағындағы ең көп ұлтты аймақтардың бірі, мұнда 100-ге жуық ұлт пен ұлыс мекендейді.

Дереккөзі: Жаңарған, жасарған Оңтүстік. Алматы, 2012 ж